Қазақ эстрадасының аңызы

image004Tыңдарман қауымға әсерлі сезім тарту етер әсем ән- уақыт сыйы. Абай атамыз “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең” дегеніндей, қайсыбір жабырқаған жанға ән құдіреті дауа болып жататыны бар. Міне, осы орайда, қазақ ұлтының рухын асқақтатар әндерді адамзат жүрегіне жеткізе білген топтың бірі – “Дос-Мұқасан” ансамблі екендігіне ешкімнің күмәні болмас. 1960 жылдары әлемді елең еткізген “Битлз”, Ресейде “Поющие гитары”, “Веселые ребята”, “Голубые гитары”, Грузияда “Орэра”, Белоруссияда “Песняры”, Украинада “Кобза” сияқты алға 
шқы вокальды-аспапты топ қатарында қазақ халқының атын әлемге паш еткен “Дос-Мұқасан” ансамблі де өнер көгінде найзағайдай жарқ ете қалған еді. Уақыт сынына төтеп беріп келе жатқан бұл ұжым күні бүгінге дейін күллі қазақ ұлты үшін үлкен мақтанышқа айналды. Әрбір қазақтың той-томалақ, мереке-жиыны осы ансамбльдің репертуарындағы әндерсіз өтпейді десек, артық айтқандық емес. Сонымен, құрылғанына 40 жыл толуы мерекесіне орай ансамбль мүшесі болған философия ғылымының докторы, профессор ҰЛЫҚПАН ЕСІЛХАНҰЛЫ СЫДЫҚОВПЕН әңгімелескен едік.
– Мерекелеріңіз құтты болсын! Әңгімемізді сонау артта қалған алғашқы қадамдарыңыздан бастасақ. Техника саласының қыр-сырын меңгеруге келген Сіздерді қазақтың ән өнерін әлем жұртшылығына паш етуге қандай күш итермеледі? Жалпы, философ ретінде “Ән құдіреті” дегенді қалай түсіндіресіз?
– Біздің ел ішінде көп тараған дұрыс пікір бар. Ол − әннің тағдырын шешетін үш түрлі фактор туралы тұжырым. Біріншісі, әннің әуендік мазмұны, екіншісі, әннің әуеніне сөзінің үйлесімді болып келуі, үшіншісі, орындаушысы деп жатамыз. Бұл – өте орынды пікір. Соның ішінде әннің кұдіретіне бойлай түсу үшін осы үш факторды ары қарай тереңдету қажет. Ән біріншіден, ұлттың болмысынан туындап жатуы керек. Әннің құдіреттілігі сол, халықтың табиғатынан, оның сан ғасырлық ұлттық ерекшелігінен, соның ішінде салт-дәстүрімен қатар, халықтың жүріп өткен жолынан мен мұндалап тұруы тиіс. Мысалы, қазақ халқы Кеңес дәуірінде сауатсыз, мәдениеті төмен халық деп, төмендетіліп келді. Міне, осы пікірге біз бойымызды, санамызды үйретіп алдық. Ал шын мәнінде қазақ дейтін халықтың тарихы өте бай, әрі өзіне тән ұлттық ерекшеліктері мол. Сол ерекшеліктердің бастауы тікелей табиғатпен етене байланыста болған көшпелі тұрмысынан туындаған. Жалпы, табиғат дегеннің өзі Алланың жаратқан үйлесімі-гармония. Мысалы, жаз, көкмайса, мөлдір бұлақ, сарыжайлау, түнде самсап тұрған жұлдыздар, жарқырап тұрған Ай, айналамыздағы сарқырап аққан өзен, мөлдір бұлақтың сылдыры. Әрі қазақ өмірінің жан-жануарларымен етене байланыста болуының да өзіндік мәні бар. Қыс қыстауға, жаз жайлауға көшу деген сияқты өмірлерінің көбісі сол табиғатпен тікелей қабысып кетуінен туындаған ұлттық ерекшелігіміз ұлттық әндердің дүниеге келуіне түрткі болған. Табиғатпен үндесіп тұрған дүниелердің барлығы да анамыздың ақ сүтімен, әкеміздің қанымен бойымызға дарыған ұлттық қасиет. Мысалы, “Көшкенде жылқы айдаймын аламенен, Ауылыңа барушы едім даламенен” дегендей, немесе “Есен-аман жүрмісің, Ләйлім шырақ, Жаңа таптым ауылыңды көптен сұрап” деген өлең шумақтарының барлығы да ұлттық болмысымызды бейнелейді. Әсіресе, Абайдың өлеңдерінде мұндай суреттер көптеп кездеседі. Дүниеге келген ән өміршең болуы үшін ол жүректен жүректерге мөлдіреп құйылуы керек. Мысалы, қазақтың халық әндері мен күйлерінің өміршеңдігі- олардың ұлттық рухында жатыр. Бұл – бірінші. Екінші, бүкіл қоғамды, халықты, жұртшылықты толғандырып жүрген мәселелер бүгінгі өмір салтымен етене қабысып жатпаса, ол ән өміршең болмайды. Осы тұрғыдан алғанда “Дос-Мұқасан” ансамблінің өмірге келуі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысы десек, осы кезеңде “біздің image005жағдай қалай еді?” дегенге тоқталуымыз керек. Біздің қазақ отызыншы жылдардың басында аштықты бастан өткерді. Елдің тектілері, мүмкіндігі барларының көбісі бас сауғалап шетелге қашуға тура келді. Одан кейін отыз жетінші жылғы зұлмат басталды. Халықтың сөзін сөйлеп, бас көтерер қаймақтарымыздың қатары сиреп кетті. Ес жиып үлгірмей Ұлы Отан соғысы басталды. Міне, осы бір-бірімен қат-қабат келген ауыр қиыншылықтардан кейін біздің халық есеңгіреп қалды. Ал енді халықтың есін жиып, етегін жабуы, тойып тамақ ішіп, жыртығын бүтіндеуі уақыт тұрғысынан алғанда сол алпысыншы жылдар болатын. Осы кезде халықтың өзін-өзі қайтадан тануға, бұрынғы салт-дәстүріне, өнеріне жаңа бір көзқараспен қарауға мүмкіндік туған шақ болатын. Екіншіден, дәл сол кезде “Коммунизм құрамыз” деген ұранмен бүкіл қазақ мектептері жаппай жабылуға шақ қалып, тек бір ғана “совет халқы” деген халық болып, “барлық дүние бір арнаға тоғысады” деген ұғым қалыптаса бастады. Әрі ұлттық сана- сезімнің ояна бастауы сияқты процестер үлкен қайшылықта тұрған уақыт болатын. Осы тұста біздің ұлттық рухани өнеріміз де үлкен текетіреске тірелді. Оның үстіне “біз жақсымыз, басқа жаман” дегенмен, рухани салаға сол кезде-ақ шетелдің ықпалы зор болды. “Битлз” сияқты жаңа еуропалық ырғақтағы әуендер жарқ етіп шығып, жастар арасына тарай бастады. Осындай қат-қабат кезеңде біздің жалпы қазақ қоғамында, оның ішінде рухани әлемде “Біз осы қайшылықтан, осы тығырықтан қалай шығамыз?” деген үлкен сұрақ көкейімізде тұрды. Осыған орай, “Дос-Мұқасан” ансамблінің ішкі әлемінде міне, осы қайшылықтарды жеңіспен шешу бағдары тұрды. Мұндай қайшылықтардың дұрыс шешілуіне кейде кездейсоқтық пен заңдылықтың сәйкес келетін тұсы да болады. Дәл осы қарсаңда “коммунизм орнатуға” байланысты “өмірдегінің барлығы да автоматтандырылады екен” деген сенім, қабілеті бар жастардың барлығын әлемдік деңгейдегі жаңа мамандық алуға ұмтылдырды. Мысалы, мен өзім Семей облысы, Мақаншы ауданындағы орта мектепті Алтын медальмен бітіріп, сол кезде ашылғанына бірнеше-ақ жыл болған Политехникалық институттың Автоматика және есептеу техникасы атты факультетіне оқуға түстім. Өзімді ауылдың бетке ұстар баласымын деп кеуде соғып жүрсем, бұл жерге келушілер менен асып түспесе кем емес, көбісі қалалықтар болып шықты. Оқуға түсуге сынақ әрі қатаң, әрі өте жоғары деңгейде өтті. Электронды есептеу мамандығы бойынша қабылданған балалардың арасында мектепті қазақ тілінде бітірген бала мен ғана болдым. Жатақханада тұрамыз. Автоматика және телемеханика атты мамандыққа да мектепті қазақ тілінде бітірген біраз балалар қабылданыпты. Солармен қуана-қуана танысып алдым. Ал, қалалықтар арасында қазақша сөйлейтін балалар бірен-саран. Қолдарына гитара, домбыра ұстағандарды көрсек, шүйіркелесе кетеміз. Сөйтіп, өнерге жаны құштар жастар тез табыстық. “Дос-мұқасандықтар” алғаш өнерге осылайша бет бұрған едік. Сол кездегі біздің комсомол ұйымының хатшысы Хамит Самбаев дейтін әскерден келген тісқақты жігіт бізді өз маңайына үйіре бастады. Мен ол кезде балалық сезіммен аздап өлеңдер жазатынмын. Алғашқыда томаға тұйықтыққа тірелген менің енді өрісім ашылып сала берді. Өйткені, Мұрат домбыраның құлағында ойнаса, Досымның нота танитын жеті кластық музыкалық сауаты бар екен. Әрі өзі саксафонда, пианинода, басқа да бірнеше музыкалық аспаптарда еркін ойнайды. Осылайша “Самал” студенттер клубында өтетін кештерде, қыздардың туған күндерінде өлең айтып, көпшілік көзіне түсе бастадық. Менің өз басым, ән айтып, белгілі бір музыкалық аспапта ойнамасам да өнерге деген құштарлығымда шек жоқ еді. Бар қолымнан келгені − әндерге сөз жазатынмын. Әрі біздер сабақты да өте жақсы оқыдық.
Сөйтіп, 1967 жылдың жазында “Дос-Мұқасан” ансамблі құрылуы құрылды. Тыңдарман жұртшылық жақсы қабылдады. Енді алдымызда: “Біздің ары қарай болашағымыз қалай болады?” деген үлкен мәселе тұрды. Сол тұста орыс тілінде “Біз таланттарды іздейміз!” атты Жас орындаушылардын байқауы өтіп, соған қатысып, алғаш рет теледидарға шықтық. Электронды музыкалық аспаптар табу деген ол кезде өте қиын. Біздің осы тығырықтан шығуымызға институтымыздың ректоры Әшім Құрамбайұлы Омаров көп көмектесті. Дәріс беретін ұстаздарымызбен ақылдаса жүріп, бізге музыкалық аспаптар сатып алып берді. Енді: “Орыс әндерін қайталап айта беруден ештеңе ұтпаймыз. Тындарман сенімін ақтайтындай қандай бағыт-бағдар ұстануымыз керек?” деген мәселе бізді қатты ойландырды. Оқу орны басшысының тікелей нұсқауымен, өнер десе ішкен асын жерге қоятын Тұрсын Омарұлы Сәлібаев деген ұстаз бізге кеңесші болды. Сөйтсек, ол жезтаңдай әнші Жамал Омарованың туған інісі екен. Ол кісі бар, ансамбль мүшелері бар − бәріміз ақылдаса келе, ұлтымыздың бойына етене сіңісті халық әңдерін уақыт ағымына үйлестіріп, сөз, ырғақ, бояуын бұзбай көпшілік назарына ұсынайық деген тоқтамға келдік. “Дос-мұқасандықтардың” күні бүгінге дейін ұстанған бағыты, міне, осы.
– Өнер шынайы талантты қажет етеді. Алғашқы күннен өнерге деген ерекше қасиетімен көзге түскен кім болды?
– Ортамыздан оқ бойы озып шыққан, шынайы талант иесі деп мен Досым Сүлеевті атар едім. Ол әскери отбасында туып-өсіп, әке-шешесінің көшіп-қонып жүруіне байланысты Досым мектепті орыс тілінде бітірген екен. Оның ең бір ерекше қасиеті − адамгершілігі өте мол, әрі еңбекқор, сондай-ақ, табиғат берген музыкалық дарыны бар талантты азамат. Ансамбль алғаш құрылғанда көркемдік жетекшісі болуының себебі де осы қасиетінің арқасы болатын. Оның бұл таланты үлкен биікке көтере білді.
Одан кейін Мұрат Құсайыновты табиғат берген тума талантымен ерекшелер едім. Оның селдіреген шашынан бастап, саусағының ұшына дейін өнер тұнып тұр десем артық айтқандық емес. Әрі әнші, домбыра мен гитарада ойнағанда алдына жан салмайды. Өмір ырғағымен оқу бітірген соң әр түрлі салаларда біразымыз арнайы мамандықтарымыз бойынша қызметке кеткенде, “Дос-Мұқасан” ансамблін тындармандарына жоқтатпаған осы Мұрат болды. 1992 жылы “Әуен” атты музыкалық орталық ашып, біршама уақыт көрермендері көз жазып қалған “Дос-Мұқасанның” халықпен қайта қауышуына бірден-бір себепкер болған осы Мұрат. Өнер саңлақтары да, халық та Мұратты ерекше бағалайды. Сондай-ақ, ансамбль құрамындағы әр жігіттің өзіндік ерекше бір қасиеті болмаса, “Дос-Мұқасан” ансамблі осы күнге жетпес еді. Мысалы, о баста Хамиттай жігіт бізді маңайына жинамағанда, біз ансамбль құрар ма едік, кұрмас па едік, кім білсін?! Марқұм Құрманайдың да ансамбль сүйемелдеуімен “Сағындым сені”, “Жан досым” сияқты әнді нақышына келтіре орындауы күні бүгінге дейін тыңдарман құлағында. Бүгінде бұлардай тума талант әншілерді таба алмай отырғанымыз шындық.
– Алғаш өңделіп, эстрадаға бейімделген “Жайдарман”, “Ауылың сенің іргелі”, тағы да басқа әндеріңіз көпшілік көкейіне өшпестей ұялаған. Сол әндерді тыңдарман назарына ұсынарда қандай сезімде болдыңыздар?
– Бұл − сөзімнің басында айтып кеткен: “Біз ары қарай қалай жылжимыз. Енді қандай бағыт-бағдар іздейміз?” деген мәселенің шешім табуына ең басты түрткі болған әндер. Осы әндерді алғаш электронды аспаптарға түсіріп “Ойпырым-ай, жұрт қалай қабылдар екен?!” деп қобалжып жүрген шақта, тыңдармандардың бұл әндерді ыстық ықыласпен қабылдауы ұжым жігіттеріне қанат бітіргендей болды. Бұрын қалтарыста жатқан дүниелерді елдің рухани игілігіне жаратудан артық қандай бақыт керек, өнер адамына. Бұл халықтың жаңа бағытқа құлшыныс жасап, ұлттың рухы көтеріле бастаған шағы. Біз де сол тұста ұлтымыздың рухын әлемдік деңгейге асқақтатар кезеңнің туғанын іштей сезген едік. Әрі бұл – ұлтымыздың ұлт ретінде дамуына есік ашылуына тұспа-тұс келді. “Досмұқасандықтардың” ішкі бағыты − міне, осы болды. Тағы бір айта кетерлік жәйт, сол тұста әр тараптан жиналса да жігіттер керемет бір ынтымақтастықта болды. “Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару” біз сияқты “ұлтым” деген жастардың басты ұстанымы еді. Бірге жүргенімізге міне, қырық екі жылдай уақыт болса да біздің сол достығымыз, сол кезеңдегі қарым-қатынасымыз әлі де бәз-баяғы қалпында. Балаларымыз ер жетіп, немерелі болсақ та, баяғыша − бір үйдің баласындай қоян-қолтық араласудамыз. Түйткілді мәселелерді кеңесіп, ақылдасып шешеміз. Міне, ансамбльдің бізді үйреткен өмір мектебі осындай.
– Қазіргі жас әншілердің ат алыстарына қандай баға бересіз?
– Жастардың өнерге ұмтылуы құптарлық жайт. Әйтпесе, қоғам бір орнында тұралап қалады. Бірақ қазіргі таңда қаптап кеткен топтар мен қаптап кеткен әншілерден аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың көбісінің тағдырын “қалта” шешетіні мені қатты қынжылтады. Шынайы талантты халық өзі ажыратып, алақанына салмағаннан кейін өзін-өзі жарнамалағаннан не пайда! Жалпы, кім өнер иесі екенін уақыт өзі таразылайды. Ал үкімет шынайы таланттарды қолдап жатса, ол жақсылық. Мен осы арада қазіргі әншілердің арасынан Алтынай Жорабаеваны тіліме тиек еткім келеді. Өте еңбекқор бала. Тағы бір айтарым, қазіргі әншілер той-томалаққа барып, ақша табуға бойларын үйретіп алған. Нарық заманында ондайға ешкімнің қарсылығы жоқ. Баяғыда Естай сияқты атағы жер жарған ақындарды байлар арнайы күйеу жолдас етіп жіберіп, оларға таң атқанша ән салдырып, беделдерін арттырған. Ел-жұрт “Бәленбай дегеннің үлкен асына Біржан сал келетін болыпты” деп, шуласқан. Демек, тойға барудың еш әбестігі жоқ. Бірақ әркім өмірдегі өз орнын сезінгеніне не жетсін! Ал, қазіргі фонограмма асыл өнеріміздің соры.
– Сіздердің кездеріңізде жапа-тармағай атаққа, мансапқа ұмтылу деген болды ма ?
– Біз “досмұқасандықтар” жалпы ұлт рухы үшін күрестік. Атақ ала қою деген, тіпті, миымызға кіріп-шықпапты. Мәселен, “Біз таланттарды іздейміз!” деген бағдарламада жеңімпаз атанғаннан кейін, журналист Жәкен Нұрмұхаметовтің жобасы бойынша “РОМБ” (Романтика. Оптимизм. Махаббат. Білім) атты студенттік хабарды алғаш біз ашып, жүргізушісі мен болдым. Алғашқы хабарға біздің жігіттер қатысып, сонда ақын Қадыр Мырзалиев бізге ақ батасын берді. Сол халық ықыласынан кейін біздің өнер ұжымын Қазақстан Комсомол комитеті өз қамқорлығына алды. Ташкент қаласында өткен Халықаралық Орта Азия фестиваліне қатысып, жүлдегер атанып қайттық. Белоруссияда өткен кәсіпқой вокальді-аспаптардың конкурсында республика атынан қатысып, біздің жігіттер бас бәйгенің бірін жеңіп алды. Сондағы қазылар алқасының мүше басшысы, әйгілі композитор Александра Пахмутова нағыз талант иелеріне сүйінсе керек: “Жігіттер, шындарыңды айтыңдаршы, сіздер кәсіпқой әншісіздер ме?” деген сұрақ қойыпты зал ішінен. Алғашқыда ет қызумен “Иә!” деген жігіттер, кейіннен студент екендерін айтты. Сонда әлгі кісі: “Әй, сендерде бір ерекше серпін барын сезіп едім” деп күлген еді. Өйткені, ол байқауға кәсіпқой әнші еместерді қатыстырмайтын. Ал біз сол кеңестік отаршыл идеология құрсауында жүріп-ақ ұлттық төл өнерімізбен осы қатаң қағиданы бұздық. Кейіннен Берлинде өткен әлемдік фестивальде өзгелерден даралануымыз ансамбльдің әлем жұртшылығына кеңінен танылуына жол ашты. Ал енді жеке-дара атақ ала қояйық деген ой біздің жігіттерде осы күнге дейін болмапты. Уақыт өзі бағалады. Мұрат 1990 жылдардың басында “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері” деген атаққа ие болып, “Құрмет” орденімен марапатталды. Бақытжан, Нұртас және мен Қазақстан Республикасының “Мәдениет қайраткері” деген атаққа ие болдық. Досым Қасымұлы университетіміздің 70 жылдығы карсаңында “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері” деген атаққа ие болды. Біздің тілейтініміз тек халықтың құрметі, халықтың ықыласы. Бұл – біздің маңдайымызға құдайдың берген сыйы шығар. Ал, “Дос-Мұқасанның” ешкімге айырбастамас үлкен бір атағы бар. Ол – “Қазақ эстрадасының аңызы” деген атақ. 1997 жылы “Азия дауысы” фестивалінен кейін ансамбльдің алғаш қабырғасын қаласқан тоғыз адамға өнер ұжымының шаңырақ көтергеніне 30 жыл толуына орай, осы атақты дипломды сол кездегі Мәдениет министрі Д.Қасейінов табыс еткен болатын. Сөйтсек, бұл мемлекет тағайындамаған, халық шешімімен жасалған арнайы марапат екен.
– 1976 жылы “Дос – Мұқасан” тобы Америкада алты ай бойы жүз сексен концерт өткізіп, жергілікті қауымды өз өнерлерімен тәнті еткен екен. Сондай күш-қуат ансамбль мүшелерінде қазір бар ма?
– Қуат деген – адамның ынта-жігері болса керек, ол әрдайым тасып тұрады. Мысалы, атақты Бұқар жыраудың 75 жасында Абылайдың қасына кеңес құрып келуі, оның екінші дүниеге келуімен тең болды. Жамбыл бабамыз да 75 жасқа дейін қатардағы Жамбыл болып келсе, одан кейін атының жер жарғаны бәрімізге мәлім. Ең бастысы, адамның рухы мықты болса, күш-қуат жас талғамайды. Біз “бүгінгі жастар “Дос-Мұқасанды” қабылдай ма, қабылдамас па екен ?” деп ойлайтынбыз. Өз замандастарымыз көздеріне жас ала қабылдары анық. Таяуда, мынадай бір қызық болды, 16-қазан күні біз Республика сарайында биылғы оқуға түскен студент жастардың тойын жасап, сол тойды ансамбльдің қырық жылдық мерекесімен үйлестіріп, концерт бердік. Сол кезде таңқалғанымыз, үш жарым мың-ақ адам сиятын залға биылғы бірінші курсқа оқуға түскен төрт мың студенттің орынға сыймағандарының тікесінен тік тұрып “Той жырын” бізбен қосыла шырқағаны болды. Біздің көзімізден аққан ыстық жасты көрсеңіз. Міне, осындай қолдау болып тұрған кезде біздің жігіттер жүз сексен емес, одан да көп концерт өткізуге дайын екенін айтар едім. “Дос-Мұқасанның” екінші тынысы енді ашылды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Жазира БАЙСЫМБЕК.