Е. Арын «Ұлттық рухты ұлықтаушылар»

image001

image002

Ертеректе елге атақ-даңқы жайылған “Дос-Мұқасан” музыкалық ансамбілінің осы күнге дейін қалың қауымға кеңінен танымалдығының сыры жөнінде сөз сабақтағанда, сол бір кезеңдегі әлеуметтік-саяси жағдай туралы айтпай кетуге болмайды.
Кеңестік заман дүрілдеп тұрған уақытта мұндай сазгерлік топтар қып-қысқа ғана түрде ВАА деп аталушы еді, яғни бұл вокальдық-аспаптық ансамбль деген ұғымды білдіреді. Олар барлық тәуір деген Мәдениет үйлерінде, филармониялар мен жоғары оқу орындарында жұмыс істеді, “мөдениетті демалу” деп аталған бос уақытты көңілді өткізудің көркі де, мақтанышы мен міндетті атрибуты да солар еді. ВАА дегендеріңіз жауыннан кейінгі көктей өте көп болатын, бұларсыз жастар биі, студенттер мен комсомол фестивальдері және жиындары өткен емес, олардың музыкасы екпінді құрылыс бригадаларында да ерекше естіліп жатқан-ды. Ал соншама кілең сайдың тасындай ығай мен сығайдың арасынан топ жарып суырылып шығып, ансамбльдердің бүкілодақтық конкурсының лауреаты атағын жеңіп алу, әрине, оңай шаруа емес.

image003Бүгінде кешегі күндей күркіреген кеңестср елін түгел баурап, қайда барса да даңқы жер жарған өнерпаз ұжымдардың “Песняры”, “Самоцветы”,
“Поющие гитары” секілділері ғана сол жылдар сазындай жаңғырып, жадымызды қозғап қоятыны бар. Ал олардың әрқайсысының ән әлемінде қайталанбас дара даусы, бет-бейнесі, өзіне ғана тән өмірбаяны болғаны мәлім.
“Дос-Мұқасан” ансамбіліне келсек, оның тыныс-тіршілігі, сол тұстағы солақай саясат жағдайында, мүлде біліп болмас басқаша тағдыр талай талқысында үзіліп тынуы да әбден мүмкін-ді, бірақ бақыты жанып, бақ жұлдызы оған күлімсіреп қараған жақсы сәттерді бастан кешіруге жазған екен. Өйткені тоқырау кезеңінде ортаазиялық республикалар өркениеттен мойыны қашық жатқан бір қиыр шет саналатын, осы, себепті де әр алуан шығармашылық ұйымдар КСРО халықтарының Мөскеудегі онкүндігіне қатысу немесе, жастар мен студенттердің бүкілодақтық фестиваліне жолдама алу, тіпті ең болмағанда, “Алло, мы ищем таланты!” атты телехабарға ілігу арқылы қауым назарын өзіне аудара алатын еді. Әлбетте, бұл үлкен күш-жігер жұмсауды қажетсінетін.
“Дос-Мұқасан” сондай өткелектердің бөрінен сүрінбей өткенін айтуымыз керек. Осынау аса талантты ансамбль жөнінде кезінде көп айтылды да, жазылды да. Оның даңқы Одақ көлемін көктей өтіп, одан тыс жерлерге де жайылды. Оның әндерін әрбір қазақ шаңырағы бес саусақтай біліп, бек қадір тұтты. “Дос-Мұқасан” қазақстандықтар үшін әлемді аузына қаратқан “Битлз” секілді болды. Бұл тіпті де кездейсоқ салыстыру емес, себебі, досмұқасандықтардың қазақ эстрадалық музыкасында атқарған қызметі, жұмсаған қайраты ұлан-ғайыр.
Тоталитарлық тұмылдырық пен қысым ұлттық рухты тұншықтырып, тіл мен жақты қарыстырып тұрған коммунистік идеология дәуірінде “Дос-Мұқасан” ансамбілінің дүниеге келуі казақ руханиятына жаңа серпіліс, қанат бітіргені ақиқат. Олай дейтініміз, байырғы халық өз атамекенінде азшылыққа айналып, тілі мен ділінен айырыла бастаған еді. “Түрі ұлттық, мазмұны социалистік” ұраны астында ана тілінде оқытатын мектептер қатары сиреп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сан мың ғасыр бойы қалыптасқан көркем мұраларымыз мансұқталғанын жасырамыз ба? Біз ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: “Әнін жоғалтқан халық бәрін жоғалтады” деген сөзін әрдайым есте ұстауымыз керек. Өкініштісі, осы күні де, ешкімнің қысымынсыз-ақ, егемен де еркін ел болған заманда, қазақ сазын батыстық тарсыл-дүрсіл әуендер ығыстырып бара жатқан жоқ па? Халықтық топыраққа тамыр тартпаған, ұлттық музыкаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүбәра әнсымақтарды қойдай қоздатушылар легі де, ондайларды сахнада орындаушылар саны да көбейіп келеді. Қазақы рух пен сана мұндай әсіреқызыл еліктеу жағдайында өркен жайып кете алар ма екен? “Дос-Мұқасан” ұжымының ұлы тағылымы – ұлттық сана мен рухқа қызмет ету. Осы орайда “Дос-; Мұқасан” ансамбілін тек қана тамаша, өнерпаздық ұжым деу аздық етеді. Дұрысында оны тоқырау тозаңынан тоттанған тоталитаризмнің тас қабырғасын алғаш рет “солқылдата соққан” дара дауыс құбылнамалық құбылыс санау лайық. XX ғасырдың жетпісінші жылдарының басында олардың қазақ рухын қайтадан тірілтуге жұмсаған қажымас қайраты мен жанкешті еңбегі ел-жұрт сана-сезімінде жаңа сілкініс жасап, қалың ұйқыға кеткен ұлттық ойға қозғау салушы айқайшы болғанын бүгінде бәрі мойындап отыр. 1986 жылы қызыл империя қысымына қарсылық білдіріп, ашық түрде алаңдарға шыққан желтоқсандықтар “Дос-Мұқасан” ансамблінің отаншылдық өнегесінің рухын жан-жүрегіне сіңіріп өскен жап-жас балғындар екенін ерекше атап айтқан жөн.
Қазақ әуенін мұхиттың арғы жағында да әуелете шырқап, төрткүл дүние төрінде өз жұртының өрелі өнерін паш еткен өркендердің осынау ұлттық рухты ұлығылауға қосқан ұлан-ғайыр үлесін біздің тарих ұмытпайды. Ал мұндай өжет мінез, өрісті қам-қаракет нағыз елшіл ұландар ғана өте алатын ерлік еді десек, ешқандай асырып бағалағандық емес.
“Дос-Мұқасан” ансамбілінің ұлан-байтақ қазақ жерінің әр шалғайынан келіп негізін қалаған алғашқы құрамы сол даланың алуан түрлі халықтық әуендеріне жаңаша сипат беріп, өң бітіріп, “Ауылың сеңің іргелі”, “Құдаша”, “Жайдарман” т.б. халық әндеріндегі ұлттық колоритті жаңа арнаға түсірді. Досым Сүлеевтің атақты “Той жырының” ұлттық бояуға қанықтығын, шын мәніндегі халықтық әуенге айналуын осыдан-ақ түсінуге болады. Бұл, әлбетте, бағзы ата-бабалардың саз әуенін жаңаша сәнмен жаңғырта орындаушылық пен “Той жыры”, “Куә бол” іспетті – күні бүгінге дейін ауыздан түспей келе жатқан төл шығармаларының нәзік лиризм мен ұлан-асыр Дала жыры әуезі ұштасқан ғажайып қуаттылығымен ғана емес, ана тіліндегі айшықты әуездерімен мыңдарды баурап, тәрбиелеген төлімгерлігімен де рухани бапкер болған ұлтжандылық қадір-қасиетінен айрықша аңғарылып тұрмақ. Осы тұрғыда олар бұрынғы Одақ көлемінде ұлттық-фолъклорлық музыка ансамбльдерінің тұңғыш бастаушысы, алғашқы қарлығашы іспетті.
Сол уақытта досмұқасандықтар жап-жас жігіттер еді. Қазір бәрі де аға ұрпаққа айналды. Алайда өнер қартаймайды. Өйткені өнер, соның ішінде, ән өнері – халықтың жайнаған жаны, қвйнаған қаны, яғни ұлттық рух тынысы. Рухы өлген жұрттың бұл дүниеде түтін түтетіп бітірері шамалы. Әйгілі ұжымды еу баста дүниеге әкелген құдіретті күш соны сезінуден туған сыңайлы. Мұны кезінде Алаш данышпаны Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы “Қазақ – жоқшы, жоқ іздеген қуғыншы” деген бір – ауыз сөзбен тұжырымдаған-ды. Қиын-қыстау қилы замандар тұсында халықты құрып кетуден оның қаһармандық рухы мен асқақ ақындық аруағы аман алып шығуга қауқарлы екенін қазақ тарихы да талай мәрте дәлелдеген. Жорық жырауларының арқа қоздырып, Ұлы Дала ұландарын атқа қондырған әлеуетті поэзиясын еске алайықшы. Немесе өз тұсымызда Республика алаңына “Менің Қазақстаным” әнін шырқап шыққан кешегі Желтоқсан жастарын жадымызға тағы бір түсіріп керейік… Соның бәрі Ұлттық Рух, Халықтық Сана деген ұйыстырушы ұлы бастаулармен байланысып жатыр. Ендеше, “Жаңа жолдың басшысы ол” деген Абай сөзін “Дос-Мұқасанға” айтпағанда, кімге айтамыз!? Оларға, досмұқасандықтарға, ұлттық мәдениетімізге парасатты жанашыр, отаншылдық (қазақтық) ойды жаппай оятушы болғаны үшін қарыздармыз. Ал олар мүлде басқа саланың, көбісі техникалық мамандық жолындағы студент жастары. Бірақ заман, уақыт сұранысы мен Рух пен Сана талап-тілегі үстіміздегі карақазан ғасыр басында “Оян, Қазақ” авторын “Есеп” оқулыгын, ақын Мағжанды “Психология” кітабын жазуга, ауыл мүғалімі Ахмет Байтұрсынұлын “Қазақ” газетін шығаруға қалай итермелесе, алпысыншы жылдар ортасына таман аяқталған “хрущевтік жылымықтан” кейінгі дәуір-дәурен Досым Сүлеевтер мен Мұрат Құсайыновтарды эстрада өнерінде тұншығуга айналған тіл мен ділді ән өнері арқылы қайтара әкелгені ақиқат.
Халық, оларды сол қызметі үшін қатты қадірлейді, сүйенер ұлым деп сүйсінеді. Досмұқасандықтар ондай ұлтгық құрметке лайық.

Ерлан Арын профессор, экономика ғылымының докторы