Алтын орда.-2007. -№36. – 6-12 қыркүйек
Досым Сүлеев: “Дос-Мұқасан”- менің өмірімнің ең басты табысы”
Алматының “Қайраты” мен Досымның “Дос-Мұқасаны” XX ғасырдың 70-жылдары қазақ елі студент-жастарының сүйіктісіне айналды. “Қайраттың” ойыны болатын күні – Орталық стадион, “Дос-Мұқасан” концерт беретін күні Ленин атындағы Мәдениет сарайы халыққа лық толатын. Ол күн арнайы белгіленбеген бүкілхалықтық мереке іспетті, лек-легімен ағылған жанкүйерлер мен көрермендер көшін ешкім тоқтата алмайтын, қалың көпшіліктің жолындағы кедергілерді жою үшін тәртіп сақшылары тыным таппай зыр жүгіретін, халыққа қызмет қылатын. Ал ауылда әрбір көшенің бір-бір командасы болатын, қақпашысы – Құралбек Ордабаев, қорғаушысы – Сейділда Байшақов, шабуылшысы – Темір Сегізбаев. Әр ауылда бір-бір ансамбль, музыкалық аспаптары – гитара, дауылпаз, көздерінде – қара көзілдірік – шетінен Досым Сүлеев. Меніңше, бұл ессіз еліктеу емес, спорт пен өнердегі екі ұжым жігерлі жастардың ұлтына деген сүйіспеншілігін оятып, қозғаушы күш бола білді. Қазақ баласы қазақ ағасына қарап өскісі келді. “Мен – қазақпын” деп мақтанғысы келді. Ұлттық рухты, ұлттық батырларды көргісі келді. Себебі қазақ халқы Совет халқына айналып бара жатты… Жаңалыққа құмар, өнер сүйген қауымның көкейіндегісін тауып, заманына сай қазақтың халық әнін аспанға әуелеткен сол кездің “сүйіктісіне”, бүгінгінің аңызына айналған “Дос-Мұқасан” ансамблінің ірге тасын қалаушысы, көркемдік жетекшісі, композитор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ректоры Досым Сүлеевті асқаралы алпыстың асуына шығуымен және “Дос-Мұқасан” ансамблінің 40 жылдығымен құттықтай отырып, “Алтын Орда” газеті үшін арнайы сұхбат беруін өтінген едік, келісімін берді.
– Өнер жолына түсуіңізге ықпал еткен ата-аналарыңыз ба, әлде табиғи талантыңыз ба?
– Мен үшінші сыныпқа дейін Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда оқыдым. Әкем Кентау қаласына әскери қызметке ауысты. Міне, осы Кентау қаласына үйіміздің көшіп келуімен өнер жолым бастау алды десем артық болмас. Қарындасым Күләш екеуміз қаладағы жаңа ашылған музыка мектебіне қабылдандық. Ол фортепьяно, мен баян класында оқыдым. Бір қызығы, екеуміздің де үйде дайындалатын музыкалық аспабымыз болмады. Ол кезде музыкалық аспаптар лимитпен ғана дүкенге бірен-саран түседі, оны бастықтар алып қояды. Тіпті әкем үйде дәптерге сызып фортепьяно клавиштерін көрсететін, ал қарындасым жылап отырады, себебі дыбыс жоқ. Маған 5-6 айдың көлемінде, қарындасыма бір жыл дегенде музыкалық аспап тауып берді. Әкемнің балаларының өнерге деген құлшынысын өшіріп алмау үшін жалықпай іздеу салғанын қаланың бірінші басшысы да естіпті. Сірә, көмектесіңдер деп тапсырма берген-ау. Сондағы біздің “алақайлап” қуанғанымызды көрсеңіз ! Папам да, мамам да мандолинде ойнайды, ән салады, өнерге жақын болуымыз әлі күнге дейін рахатын көруіміз үйішілік қамқорлықтан бастау алған болар.
– Қазіргі күні, шынын айтсақ, республика халқы сізді ғалым-ректор ретінде ме, не болмаса “Дос- Мұқасанның” негізін салушы сазгер ретінде көбірек біле ме?
– Қазіргі биігімнен жалт бұрылып өткеніме қарасам, көзіме тұлғаланып түсетіні – “Дос-Мұқасан”. Ол – менің өмірімнің ең басты табысы. Көпшілік мені әлі күнге ректор деп емес, аты аңызға айналған “Дос-Мұқасанның” құрушысы, жетекшісі деп таниды.
– “Дос-Мұқасанның” құрылуы туралы айтып өтсеңіз.
– Қашан да студенттік шақта қызықты бір іс жасасам деген құлшыныс жетелейді емес пе. Бәрі де 1967 жылы әдеттегі студенттік әуесқойлықтан басталды. Мен баян тартатынмын. Қамит Санбаев гитарада ойнайтын, Мұрат Құсайынов ән салады. Мерекелі күндерде студент жастардың ықыласын аудару үшін екі немесе үш дауыспен қосылып ән айтып жүрдік. Айтатынымыз аралас – қазақ және орыс әндері. О бастан ансамбльге өзек болған осы үшеуіміз. Үшеуіміз де осы политехникалық институттың автоматика факультетінде оқимыз.
Қолымыз бос кезде акт залына жиналып, өзімізше репетиция жасаймыз. Аспаптарымыз нашар. Әйтеуір жастық жалынның арқасында бәріміз гитара ойнауды үйрендік. Ішінде музыкалық сауаты бар тек мен ғана. Бірінші дауыс, екінші дауыстарды өзімше бөлемін. Қай жерде қалай ойнау керектігін репетиция кезінде ұштай түсеміз. Ескі “Рекорд” дейтін радиомыз болатын. Дыбыс күшейткішіміз сол. Сым темірлерден жалғап өзіміз жасап алғанбыз. Көрші факультетте оқитын Александр Литвинов дейтін жігіт барабанда ойнайтын. Соны тобымызға қосып алдық. Қалғандары біртіндеп кейін қосылды.
– Ансамбльдің атын кім қойды?
– 1967 жылы студенттік құрылыс отрядының құрамында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Торайғыр ауылына барып үй салдық. Кеңес Одағы кезінде социалистік елдер арасында студенттік құрылыс отрядтарын алмастыратын дәстүр болатын. Сол жылы бізбен бірге Будапешт университетінің студенттері жұмыс істеді. Біз салып бітірген құрылыстың бірі Мәдениет сарайы еді. Соның ашылу салтанатында концерт бердік. Жұрттың бәрі аяғынан тік тұрып құрмет көрсетті. Венгр достарымыз да риза. Содан іле-шала венгр студенттерінің жетекшісі Янош Карпати деген жігіт тосыннан ұсыныс айтты: “Сендердің ансамбльдеріңнің аты “Дос-Мұқасан” болсын!” Біздер алғашқыда аң-таң болдық. Ешқандай мағынасыз бұл неғылған сөз дейміз. Янош жіктеп түсіндірді. Дос – Досымның, Мұ – Мұраттың, Қа – Қамиттің, Сан – Саняның аттарының басқы буындары екен. Александрды бәріміз Саня дейтінбіз. Оның шын аты Александр екенін Янош қайдан білсін. Бірақ оның сол кездегі американдық “Лос-Парагвайос”, “Лос-Анжелес” сияқты топтардың атауына еліктеп ойлап тапқан “Дос-Мұқасан” аты бізге де ұнады. Кейіннен соншалықты құлаққа жағымды, мағынасы түсінікті қазақы сөзге айналып кетті, жатырқаған ешкімді көрмедік.
– Әндеріңіздің шығу тарихына, сазгерлігіңіз жөнінде айтып өтсеңіз.
– Әуелі ең танымал әнім “Той жырының” шығуына тоқталайын. 1973 жылдың қазан айында әріптесіміз Мұрат Құсайынов үйленетін болды, қалыңдығы – Сөбира. Ансамбль мүшелері ақылдасып, тойға көрімдік жасау жөнінде бір шешімге келе алмай әбігерге түстік, ән де шығармақшы болғанбыз. Ұлықпанға өлеңін жазуды тапсырдық. Одан кейін бұл күнделікті тіршілік ағымымен ұмытылып кетті. Тура белгіленген күні, той басталардан төрт-бес сағат бұрын Ұлықпан “Мынаны көрші” деп өлең ұсынады. Енді бұдан түк те шықпайды ғой деген сыңайлы ренішпен қағазды қолыма алып оқып ем, сөздері ұнап қалды. Сол жерде көкейіме көптен бері мазалап жүрген бір әуен келе қалды. “Тоқта, тоқта! Гитарамды әперші!” деймін. Қағазға қарап ыңылдап айтып көріп ем, бір жақсы дүниенің нобайы пайда болды.
Содан екі сағат репетиция жасап нобайын жөнге келтіріп алдық. Ықшам аудандар жақтағы “Ласточка” мейрамханасында ән алғаш жұртшылық алдында орындалды. Мұрат пен Сәбираға арнаған әніміз көпшілікке қатты ұнады. Аты өзінен-өзі “Той жыры” болды да кетті. Ал 1974 жылы 1 мамырда ән сол кездегі “Лениншіл жас” газетінің бірінші бетінде басылды. Ел арасына тарап кетті. Қай жерге барсаңыз да осы ән орындалатын болды. Авторлардың құқығын қорғайтын басқарма бар. Сол жер қаламақы береді, он сомнан басталған қаламақы екі-үш жылда 400 сомнан аса бастады. Бірде барсам, марқұм Әсет Бейсеуов пен Нұрғиса Тілендиев те қаламақы алайын деп тұр екен. Нұрғиса ағамыздыкі 200 сом, менікі 400 сомнан аса, сондағы ағамның “Ей, балам, бөлісу керек қой” деп қалжыңдағаны есімнен көтпейді.
– Ол тұста даңқтарыңыз қазақ елінен асып Кеңес Одағына жайылғаны есте.
– “Дос-Мұқасан” ансамблінің табысы өз шығармашылығында қазақтың ұлттық әуенінің қаймағын бұзбай сақтай алуында болды. Ұжым Батыс музыкасына еліктеп кеткен жоқ. Қандай заманға сәйкес жаңа ізденістерге барсақ та, өнердің ұлттық сипатын сақтауға аса маңызды мән бердік. Сондықтан халық әндерін уақыт талабына сай өңдеп, жаңаша тұрғыдан ұсына білу – біздің табыстарымыздың басты кілті. “Ел мақтаған жігітті қыз жақтайды” деп халық даналығында айтылғандай, қоғамдық орта да бізді марапаттаудан кет әрі бола алмады. Халықтың “Дос-Мұқасанға” құштарлығы ғажап болатын. 1973 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атандық. Сол жылы Белоруссияның Минск қаласында эстрада әртістерінің одақтық байқауы өтетін болды. Сол кездегі республика Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков мені өзіне шақырып алды да: “Осы байқауға қатысқыларың келе ме, жібертейін”, – дейді. Мен дереу келістім. Сөйтсек, ол байқауға тек кәсіби өнер ұжымдары ғана қатысады екен ғой. Министр “Дос-Мұқасан” – кәсіби ұжым” деген анықтаманы қолымызға ұстатты да, сәт-сапар тіледі. Барсақ, өңкей ығай мен сығайлар. Ең қызығы, сол бәсекеде көптеген кәсіби ұжымдарды артқа тастап, екінші жүлдені жеңіп алдық. Бұл шын мәнінде сенсация болатын Кейін ансамбліміз Берлинде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысты. Мен көркемдік жетекшісі болдым, фестивальде “Дос-Мұқасан” шын мәнінде танылып, лауреат атанды. Жеңіс- талантты жігіттердің ізденісіне берілген баға болды.
– Ансамбльдің жастарды ұлт- жандылыққа тәрбиелеуде өзіндік орны сезіліп тұрғандай, осыған мысал келтіре аласыз ба?
– Сұрағыңа қаншалықты нақты жауап болатынын қайдам, мына бір оқиға есімнен кетпейді. Сібірде әскери борышын өтеп жүрген Ержан деген жігіттің хаты әлі күнге есімде. “Дос- Мұқасанның” әндері оны азаптан, бәлкім, тіптиі ажалдан аман алып қалғанын айтады. Армиядағы “дедовщина” қанат жая бастаған кез еді ғой. әндері оны азаптан, бәлкім, тіптиі ажалдан аман алып қалғанын айтады. Армиядағы “дедовщина” қанат жая бастаған кез еді ғой. Ротадағы жалғыз қазаққа төңірегіндегілер күнде тиісіп, ұрып-соғып күн көрсетпейді екен. Бүкілодақтық радиодан берілген “Дос-Мұқасанның” әндерін кездейсоқ естіп қалған Ержан “Бұл – біздің қазақтың ансамблі” деп қуана секіргенде, ән әуеніне қайран қалып еліккен төңірегіндегілер жігітке “әлімжеттік” жасап қоқаңдауын сол күннен бастап тоқтатқан көрінеді. Осы оқиғадан кейін Ержан бауырым ыстық ықыласпен, зор тебіреніспен хат жолдапты. Мұндай жайттар кеудемізде шығармашылық отын үрлеп, патриоттық сезімдерімізді қамшылайтын.
– Даңқты “Дос-Мұқасаннан” ғылымға кетуіңізге не себеп болды?
– 1973 жылы мәскеудің болат пен қоспалар институтының аспирантурасына баратын мүмкіндік туды. Екі ойлы болып жүргенімде анамның сөздері түрткі болды да, оқуға аттанып кеттім. Кетерде достарыммен ақылдаса келе орныма Мұрат Құсайыновты қалдырдық. Кейін “Дос-Мұқасан” кәсіби ұжымға айналды. Алайда ансамбль гастрольдерге жиі шығып, ізденістерге уақыты қалмады. Стиль бұзылды, репертуар көп жаңара қоймады. Мұның бәрі ансамбльге кері әсерін тигізді.
– Бір кезде өзіңіз студент болған, ансамбль құрған ірі оқу орнындағы басшылық қызметке дейінгі еңбек жолыңызға қысқаша тоқталсаңыз.
– Қазақ политехникалық институтына 1965 жылы студент болып табалдырығын аттаған болсам міне, 40 жылдан аса оның қабырғасынан алысқа ұзай қойған жоқпын. 1978 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғаған соң, политехникалық институтта партком хатшысының орынбасары, Алматы қалалық партия комитетіңде жоғары оқу орындары бөлімінде жұмыс істедім. Алматы энергетикалық институтында (ол политехникалық институттан бөлініп шыққан болатын) проректор болдым. Білім және ғылым министрлігінде жоғары оқу орындары департаментін басқардым, Үкіметте де жұмыс істеп көрдік. Тәуелсіздіктің алдыңғы жылдарында ептеп бизнестің де дәмін татқаным бар. Жоғары оқу орындарының проблемалары маған жақсы таныс. Бүкіл оқытушы- профессор кадрларын танимын, әрі іштей білемін деп айта аламын. Сондықтан бұл салада мен өзімді судағы балықтай сезінемін. Менің басқарудағы стилімнің басты қағидалары – адамгершілік, біліктілік, жауапкершілік.
Сұхбаттасқан Жабал ШОЙЫНБЕТ
“Алтын Орда” РТА-ның ұжымы қазақтың аяулы ұлдарының бірі, “Дос-Мұқасан” тобының кезіндегі мүшесі, қоғам қайраткері, ҚР-чың Чехия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Шәріп Омаровтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туысқандарына достарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.