1 НАУРЫЗ, 2007 ЖЫЛ
– Досым аға, Мұрат Құсайынов, Бақытжан Жұмаділов туралы әңгіме бір басқа, ал, сіздің ән салып, ансамбльде өнер көрсеткеніңіз біз үшін жұмбақ болатыны рас. Оның себебі, ол кісілер өмірбақи өнерде жүр, ал, Сіз техника ғылымдарының докторы боп кеттіңіз.
– Алғашқы кезде ешқайсымыз да өнерде болатынымызды білген жоқпыз. Тіпті, өнерге кетеміз деп те ойлаған жоқпыз. Бала кезімнен әке-шешем менің инженер болғанымды қалайтын. Ол уақытта автоматика, энергетика салалары енді-енді дами бастаған кез. Оның үстіне, менің математикам, физикам да өте жақсы болатын. Төртінші класта оқып жүрген кезімнен бастап-ақ, “инженер боласың” деп құлағыма құя берді, құя берді. Сондықтан ба екен, менің ойымда инженерліктен басқа ешнәрсе болмайтын. Кентау деген ол кезде шағын ғана қала болатын. Сол жылдары біздің Кентауда музыкалық мектеп ашылып, ата-анам бізді, яғни қарындасым екеумізді әлгі мектепке оқуға берді. Қазір ойласам, әке-шешем үлкен ақылдылық жасаған екен. Сөйтіп, мен баян класына, қарындасым фортепьянаға барды.
– Ата-анаңыз сіздің өнерге бейімділігіңізді байқаған шығар…
– Білмеймін. Ол кезде кішкентай болдық қой. Мектепке қабылдау үшін арнайы байқау өткізілді. Байқаудың не екенін түсінбейміз?! Екі нотаны көрсетеді де, соны қайта көрсетіп беруімізді сұрайды. Біз оны қайта көрсетіп бердік. Сонымен, комиссия мүшелері “сен қабылдандың” деді. Сөйтсем, музыкаға қабілетім бар екен. Сөйтіп жүріп баянды үйрендім. Онда музыкалық аспаптар кіші қалаларға квотамен ғана түседі. Мәселен, биыл бір мектепке екі баян, бір фортепьяна деген сияқты қабылдап отырады. Оның көбін бастықтар алып қояды. Мен үшін әкем баянды Полтоваға тапсырыс беріп жүріп алдыртты. Оның өзі үш айдан кейін ғана келді. Ал, қарындасыма фортепьянаның суретін сызып берген. Сегіз айға дейін соны сызып, үйреніп жүрді. Сөйтіп жүріп музыкалық мектепті бітірдік қой. Бала кезімдегі әке-шешемнің айтқанымен, инженерлік мамандықты таңдадым. Инженер болу үшін техникалық оқу орнын таңдайсың ғой. Мен де политехникалық университетке құжат тапсырдым. Бір орынға он үш адамнан екен. Оқуым жақсы болған соң жолым болған шығар, сол жылы оқуға түсіп кетгім. Автоматика және есептеу техникасы факультетінің студенті атандым. Онда музыкант боламын деген ойымда да жоқ. Рас, Кентауда музыкалық мектепте оқып жүргенімде, кластағы балалардың көбі үрмелі оркестрге барып, өнер көрсететін. Жолдастарым маған да “жүр-жүр” деп қоймаған соң, бірге барып, сол жерде кварнет үйрендім. Кварнет пен саксофонның механизмі бірдей. Сөйтіп жүріп, саксофоңды да үйреніп алдық қой. Оркестрде мен де ойнаймын. Ол кезде Кентауда тұратындардың көбі орыстар мен гректер. Солардың арасында жалғыз қазақ, кіп-кішкентай боп, мен саксафон ойнап тұратынмын. Университетке оқуға түскеннен кейін, күздің алғашқы айларында студенттерді құрылыс отрядтарына жұмысқа жібереді. Қостанай, Орталық Қазақстанға бидай жинауға барамыз. Сол жақта жүргеңде, Мейірбек пен Мұрат гитара ойнауды сәл-пәл үйреніп алыпты. Гитарамен ән салып көрсек, бірдеңе шығатын сияқты. Оның үстіне, араларында менің ғана музыкалық қабілетім бар. Сөйтіп бірігіп, қазақша ән сала бастадық. Әуелде жатақханаларда ән айтып жүрдік. Қыздардың бөлмелеріне барып, ән салып береміз. Сөйтіп жүргенде бізді басқа университеттерге шақыра бастады. Сосын біз шындап дайындалып, екі дауыспен, үш дауыспен ән айта бастадық. Телеарнадан жарияланған байқауларға қатысып, бағымызды сынап көріп едік, алдыңғы жүлделі орыңдарды иемденіп, жеңімпаз атандық. Ол кезде гитарамен ән айтатын қазақтар көп емес. Сөйтіп жүріп, музыкалық аспаптар сатып ала бастадық. Әуелі, Мейірбекке гитара сатып алдық. Сосын жігіттер картошка жинап, содан тапқан ақшасына маған саксофон сатып әперді. Барабан алып берді. Бес аспабымыз сай болған соң, әртүрлі байқауларға қатысатын болдық. Халық та сондай бір ансамбльді аңсап күтіп жүрді ме, білмеймін, бірден көтеріп әкетті. Ал, “Той жыры” шыққаннан кейін, тіптен дүркіреп кеттік қой.
– Онда әлі ансамбльдің аты “Дос-Мұқасан” бола қойған жоқ шығар…
-1967 жылы Баянауылға құрылыс отрядына бардық. Саня онда тау-кен факультетінде оқитын. (Александрды бәріміз Саня деп атап кеткенбіз) “Ансамбльдегілер бәрің бірге болыңдар” деген соң, бәріміз бірге барып, ХСО да жұмыс істедік. Әуелі мәдениет үйін салдық. Ол үйде алғашқы концертті де біз қойдық. Онда ансамбльдің құрылғанына бір жыл болған. Репертуарымыз бар. Сахнаға шығып, өнер көрсетіп едік, бүкіл зал дүркіреп, қол соғып шу болып кетті. “Тағы айтыңдаршы, тағы қойыңдар” деп қайта-қайта сұрап, тағы да бір концерт қойғызды. Біздің құрылысымыз халық-аралық деңгейде болған соң, шет елдік жастар да жұмыс істеді. Сол шет еддік студенттердің басшысы бізге келіп: “Жігіттер, тамаша ансамбль екен. Мен сендерге ат таптым” дейді. “Қандай?” десек, “Дос-Мұқасан” дейді. Орысшаға келмейді. Қазақшасы да біртүрлі. “Ешқаңдай мағынасы жоқ, сеңдердің есімдеріңнің бірінші буындарынан құралған. Дос-Досым, Мұрат, Қа-Қамит, Сан-Саня. Араларында сызықша болуы керек” деді. Онда не, жаспыз? Сызықша қойылып, аттарымыз бадырайып тұрған соң, ұнамаушы ма еді. Атымыз ұнап тұр. “Дүниежүзіндегі аттары белгілі, дүркіреп тұрған ансамбльдердің көбі “Лос-Парагвай”, “Лос-Анжелес” деп жазылған. Солардың жолын берсін деп, осылай деп қойдым” деп қояды. Содан, ансамбльдің атын осылай атадық. Сөйтіп, “Дос-Мұқасан” боп жүргенімізде, қалалық партия комитетінің хатшысы шақырып алып: “Досым, “Дос-Мұқасан” деген не пәле? Одан да, “Юность” “Жастар”, “Тұлпар” деп қоймайсыңдар ма?”, дейді. Жаспыз ғой, атымыз дүркіреп тұр. “Жоқ, енді болмайды. Бізді көпшілік “Дос-Мұқасан” деп таниды” деп біз де бой бермейміз. Содан ол кісі “Енді не істейміз? Осылай тарап кетіпті” деп ректорға хабарласты. Сөйтіп жүргенде университет бітіретін уақыт та келді. Ансамбльдің мүшелерінің бәрі жақсы оқимыз. Мейірбек “Ленин” стипендианты болатын. Университеттің сахнасында өмірбақи жүрмейміз ғой. Әркім өз жолымызды табуымыз керек қой.
– “Анамның инженер бол” дегені тағы бар дейсіз ғой.
– Иә. Бірақ, ансамбльді де қимаймын. Бәрі таниды. Көшеге шыға алмайсың. Пластинкаларымызға дейін шығып кеткен. Өздері жаздырып, бір сомнан шығарады. Ой-сұмдық пайда тапты ғой.
– Сіздер қандай пайда таптыңыздар?
– Ол кезде пайда табу дегенді білмейміз ғой. Бізге атақ қымбат. Жаспыз ғой. Комсомол “концерт бересіңдер” деп шақырып, әр концертке алты сом төлейтін. Алты сом дегеніңіз, бірталай ақша, ол кезде. Күніне бес-алты рет концерт береміз. Сонда барлығы 30 сом болады.
– Ол уақытта дыбыс жазу, фонограмма деген мүлдем жоқ шығар..
– Әрине, жоқ. Аспаптарымызды аламыз да, концерт қоя береміз. Айтып отырмын ғой, онда бәрі таниды. “Дос-Мұқасан” десе, елдің бәрі елең ете қалатын кез ғой. Қазақша білмеймін. Мектепте бір класта жалғыз қазақ баласы мен болдым. Қалғанының бәрі орыстар мен гректер. Қаланы салған да сол гректер ғой. “Дос-Мұқасан” шыққаннан кейін, әр-әр жерлерге шақырады. Ансамбльдің жетекшісі ретінде, маған сөз береді. Алғашында, сөйлей алмай қиналатынмын. Кейін намыстанып жүріп, қазақшаны үйреніп алдым. Сөйтіп, ансамбльді қимай, тағы бір жылға қалдық. Университетке аға инженер ретінде жұмысқа қалдырды. Онда университетке де атақ керек қой. Қайда барсақ та, “политех, политех” деп шулап жататын. Университетке жұмысқа қалардың алдында ректорға: “Бір жылдан кейін, Мәскеуге аспирантураға жіберсеңіз” деп өтініш жасадым. “Жарайды, бір жыл өткеннен кейін жіберейін” деді. Бірақ, бір жылдан соң, тағы бір жылға қалуымды өтінді. “Жарайды” дедім де, “Бірақ, келесі жылы қалайда аспирантураға жібересіз” деген уәдесін алдым. 1973 жылы Мейірбек пен Хамит Мәскеуге кетті. “Жан досым” деген әнді сол кезде жазғам. Тағы бір жылға қалдық. Минскіде өткен кәсіпқой ансамбльдердің бүкілодақтық фестиваліне қатысып, кәсіпқой ансамбль болмасақ та, екінші орынды иемденіп қайттық. Берлинде өткен халықаралық конкурста лауреат атандық. Одақта танымал болған кезіміз. Менің Мәскеуге сұранып жүргенімді естіген, сол кездегі мәдениет министрі Еркінбеков шақырды. “Өнерде қала берсеңде, атақ береміз, жағдайыңды жасаймыз” деді. “Жоқ, болмайды” дедім. Қимаймын, дегенмен өзімше шешім шығаруым керек қой. Жолдастарыммен қимай қоштастық. Мен Мәскеуге аттанардан бір күн бұрын жігіттер автобусқа тапсырма беріп, тауға шығып қайттық. Ансамбльдің жетекшісі қылып, Мұратты сайладық. Сол күні түгелімен менің әндерімді орындады. Жылап, бір бірімізді қимай қоштастық. Осылай тағдырымыз шешілді. Басында ансамбліміздің осындай танымал болатынын Мұрат та, Бақыт та білген жоқ. Кейін бір жылдан кейін, намыс болды, ұмтылыс, мақсат болды. Шынын айтқанда, танымал болуға тырыстық. Бірақ, әрқайсымыздың жолымыз әртүрлі. Әрқайсымыз өздеріміздің тағдырымызды ойлай бастадық. Менен кейін бір жылдан соң, барабаншы жігітіміз кетті. Мұрат пен Бақытжан кәсіпқой ансамбльге кетті. Мәскеуге барсаң, бірден каңдидат болып кетпейсің ғой. Мәскеуде оқыдық, ғылым жолына түстік. Қорғадық. Міне, содан бері жоғары оқу орнында келе жатырмын.
– “Инженер болады” деген баласының ансамблъ құрып, ән айтып жүрген сәттерін ата-анаңыз қалай қабылдады? Ауылдағы ата-ананың психологиясы белгілі, ауылдағылардың әртістік деген шайтанның ісі дейтіні тағы бар.
– Оның рас. Бірақ, менің сахнаға шығып, өнер көрсетіп жүрген кездерімде ата-анам да риза болып жүрді. Арнайы Кентауға барып, орталық алаңда ән салғанымызда, бүкіл аудан, ауыл басшылығы ата-анамды көтеріп әкетті. Әке-шешемді бүкіл кентаулықтар танитын болды. Бірақ анам бір күні демалып жатқанымда жаныма келіп: “Енді әртіс боп қаласың ба?” деп сұрады. “Әртіс болайын ба?” десем, “Балам, әртіс болған соң, отбасын құру деген өте қиын. Уақытыңның көбі гастрольмен өтеді. Біздің немере сүйгіміз келеді” деді. Күлдім де: “Жарайды” деп уәде бердім. Ансамбльді тастауыма осы да себепкер болған шығар…
– Кейін өкініш болған жоқ па? Ансамбльде қала бермеппін ғой дегендей…
– Өкінішім жоқ. Техника саласында жүргенде де, абыройсыз болған жоқпын, өз бағымды таптым десе де болады. Егер жолым болмай, сәтсіздіктер боп жатса, өкінер ме едім. Әрнәрсе өз кезінде болуы керек. Бүгінгі өміріме қанағаттанам.
– Сол бір кездерді әлі де сағынатын шығарсыз…
– Әрине, сағынбағанда ше… Нағыз жастық шағымның қайнаған уақытында ансамбль құрдық “Ай-хай жиырма бес” деп жүрген шағымыз ғой. Ол кезде бір күнде, он-он бес, тіпті жиырма бес концертке дейін өткізетінбіз. Қазір әншілер бір концертке адам жинай алмайды. Ал, екі концерт өткізуге тіптен де шамасы келмейді. Біздің концерттерімізге ауылдардан автобуспен адамдар келіп көруші еді. Әлі есімде, сарайдың жаңадан ашылған кезі. Алғашқы концертімізді өткізейін деп жатырмыз. Сарайдың есіктерін Чехиядан алып келген. Ішке кіре алмаған көрермен сол есіктерді сындырып кіріпті. Бір күнде он концерт берген шығармыз. Сөйтсек, билеттеріміз студенттерге жетпей қалыпты.. Обкомның, горкомның басшылары билеттердің бәрін ағайын-тумаларына таратып берген ғой. Содан студенттер “Искусство принадлежит народу” деген лозунг алып, алаңға шығыпты. Сөйтіп, комсомолдың біраз қызметкерлерін орындарынан алып тастапты. Оның бәрін ол кезде білмейміз. Кейінірек естідік қой. Сыртымыздан адамдардың тағдыры шешіліп жатыпты ғой. Әрине, ол кездер ешқашан да ұмытылмайды ғой.
– Ән шығардым деп жатырсыз, демек, композиторлық қасиетіңіз де болғаны ғой, шамасы.
– Музыкалық қабілетім болды. Оның үстіне, нота білем. Ең алғаш 1968 жылы “Ғашықпын” деген ән жаздым. Сөзін Лұқпан жазды. Лұқпан біздің ансамбліміздің ақыны. Кейінірек “Той жыры” шықты. Бұл да екеуміздің бірлескен туындымыз. “Той жыры” қалай шыкты? Алғашында танымал ән болады деп ойлағам жоқ. Мұрат Құсайынов арамыздан ең бірінші болып үйленетін болды. Бір айдан кейін той болады. “Не сыйлаймыз?” деп ақылдастық. Жігіттердің біреуі: “Ең дұрысы, ән сыйлайық” деді. Сөйтіп, бәріміз бір ауыздан осыған келісіп тарқастық. Кейін ұмытып кетіппіз. Той болатын күні жанталасып, “Қайда?” десем, Лұқпан: “Сөзі, міне” дейді. Сөйтіп отырдым. Ән жарты сағатта шықты. “Той үстіңде” деп бердік. Бірақ, айтылды да, ұмытылды. Репертуарды әр жылы ауыстырып отырамыз. Жаңа репертуар дайындап жатқан кезде, баяғы “Той жырын” еске алдық қой. Оны да еске түсірген Мұраттың өзі. Мұрат: “Сендер маған ән сыйлап едіңдер ғой. Соны орындап көрейік” деді. Аранжировкасын жасадық. Қалай болатынын білмейміз? Өзімізге ұнап тұр. Сахнаға алып шықтық. Керерменге бірден ұнап, ел арасына тарап кетті. Қай жерге барсаңыз да “Той жыры” орындалатын болды. Авторлардың құқығын қорғайтын басқарма бар. Сол жерге барып, композиторлар, авторлар әр айдың ортасында қаламақы алатынбыз. Басында он сом болатын, кейін одан екі есе, тіпті үш есе өсе бастады. Бір-екі жылдай алып жүрдім. Бірде тіпті төрт жүзден аса ақша алдым. Барсам марқұм Әсет Бейсеуов пен Нұрғиса Тілендиев те алайын деп тұр екен. Нұрғиса ағамыздікі екі жүз сом, менікі төрт жүзден асып кеткен. “Ей, балам, бөлісу керек қой” деп қалжыңдайды. Одаққа танымал әр ансамбль әр республиканың әндерінен репертуарларын толықтырады. Сонда Қазақстанда қандай ән бар деп іздейді ғой. Көбісінің алатыны екі ән. Латиф Хамадидің “Қазақ вальсі”, екіншісі – “Той жыры”. Кейбірі “Қазақ вальсін” классикалық дейді де, “Той жырын” ұнатады. Сосын сол әнді шығарған адамға ақша төлейді. “Той жырын” Одақ көлемінде орындайды. Көбінде музыкасын орындайды. Кейбіреулер орысша орындайды. Грузиндер қазақша орыңдап шықты. Ритмі, музыкасы жақсы, сосын орындайды. Сейтіп жүріп, танымал ақын ағаларымыздың өлеңдеріне де ән жаза бастадым. Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов сияқты ақындардың өлеңдеріне ән жаздым. Мұхтардың да ол кезде жас кезі. Тамаша бір ән болып шықты. Кейін жинағына енгізіп шығарды. Қазір Мұхаңның өлеңіне ән жаздым деп мақтанамыз да.
– Аспирантураны бітіріп, ғылыммен айналыса бастаған кезде де ән жазып жүрдіңіз бе, әлде жұмысбасты болған соң, оның бәрі екінші кезекте қалып қойды ма?
– Ән жазбай кеткенім рас. Партияда жұмыс істедім. Күндіз-түні жұмыста жүресің. Кейде мерейтой кезінде ақсақалдар жолығып тұрамыз. Он бес жылдан кейін ансамбльдің жиырма бес жылдығында жиналдық. Жиырма бес жылдықта саксафонды орындағанымда, жігіттер “қалай ұмытпайсың?” деп күледі. Саксафонды түнде ұйқыдан тұрып та орындап бере алам.
– Бос уақыттарда аспабыңызды қолыңызға алып ойнайтын шығарсыз?
– Бос уақыт деген болмайды. 9-10-ға дейін жұмыс істейсің. Қайдағы өнер? Қазір қайта ептеп болса да, уақыт табатын болдық. Қазір үш-төрт ән жаздым. Соны шығарсам ба деймін.
– “Дос-Мұқасаннан” ескерткіш ретінде бейнефильмдер, таспалар сақталмады ма?
– “Казақтелефильм” деректі фильм шығарған. Содан біразы қалған. Бірақ, сапасы өте нашар. Бәрі бұзылып кетті. Көп әндеріміз жоқ. Уақыт болса, соның бәрін ретке келтіріп, қайта жазайық деп едім. Тіпті суреттер де көп қалмапты. Жинап-жинап бір нәрсе шығармақпыз. Биыл ансамбльге қырық жыл толады екен.
– “Дос-Мұқасанға” арнап, ескерткіш ашылады екен деп естіп едік…
– Ансамбльдің туған жері – Баянауыл. Сондықтан, сол жерде ескерткіш қоймақшы. Қырық жылдығымызға орай, күз айында тұсауы кесілмек. Сонда шақырып жатыр. “Дос-Мұқасан” ән фестивалі биыл үшінші рет өткізілгелі жатыр. Фестивальдің жүлдегерлеріне сыйлықты өзіміз тапсырамыз. Үлкен концерт қоямыз. Осы жылы үш концерт бермекпіз. Астанада, Алматыда, Павлодарда алғашқы құраммен бермекпіз.
– “Дос-Мұқасанның” ізбасары ретінде жаңа “Дос-Мұқасанды” құру ойларыңызда жоқ па?
– Міндетті түрде құрсақ, ол ансамбльден ешнәрсе шықпауы мүмкін. Дұрыс қабылданар-қабылданбас, алғашқы ансамбльмен салыстыруға болмайды. Ең қызығы, бұйрықпен ешнәрсе жасауға болмайды екен. Оның да өз уақыты болады. Ансамбль деген өзінен-өзі шығуы керек. Бізден кейін де қанша ансамбльдер шықты. Бірақ, олар бір жыл ары кетсе, үш жылдан кейін тарап кетіп жатты. Сондықтан, міндетті түрде шығарамыз деген болмайды. Аспаптарын түгелдеп, барлығына қаржы бөліп, арнайы ансамбль құрсаңыз да, адамдардың бір-біріне үндестігі сәйкес келмесе, оның болашағы болмайды. Ол үшін екі адам бірге туылуы керек. Осы ситуацияда, туылуы керек. Көп болғанда да, бір-бірімен үндесіп жатуы керек шығар.
– Өзіңіз басқарып отырған университеттен ше? Өнерпаз жастарымыздың арасынан таланттар шығуы мүмкін ғой…
– Таланттар бар. Біз университетте бірталай ансамбль құрдық. Олар не? Университеттің құрамында жүргенде шығады. Бітірген соң, кетіп қалады. Әншілер көп шықты. Дәл “Дос-Мұқасандай” болу, мүмкін қиын шығар.
– Ансамбльден кеткен соң, ғұмырыңыздың көбі университетте өтіп келеді екен. Одан басқа салаға барып көрмедіңіз бе?
– Одақ тарап, егемен болдық ғой. Алғашқы кездері көп ғалымдар жалақының аздығынан бизнеске кетті. Мен де сол уақытта бизнес жасап көрдім. Қазір миллион келеді деп жүргенде, соңында болмай қалады. Осы саладан басқа нәрсе қолымнан келмейді екен. Осы жұмыстың ең биік шыңы, ректорлық кой. Маған ең лайық жұмыс осы деп ойлаймын.
– Сізді, яғни “Дос-Мұқасандықтарды” көбіне орыс тілінде сөйлейді деп кінәлап жатады? Сол рас па?
– Мен оған келіспеймін. Орысша оқып, орысша тәрбие алғаным рас. Бірақ, қазақшаны да бір кісідей білем.
– Кеңестік тәрбиенің арқасында орысша білім алдыңыз, орысша тәрбиелендіңіз де. Қазір бұрынғы заман келмеске кетті. Бүгін Сіздің балаларыңыз қай тілде тәрбиеленіп жатыр?
– Балаларымыз үш тілде сөйлейді. Қазақша жақсы сөйлейді. Орыс, ағылшын тілін жақсы біледі.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА