М.Тоқашбаев «Қазақтың «Мендельсоны»»

image005

image001

Марат ТОҚАШБАЕВ    «Той әлемі»                                                                                     

– Құрметті Досым Қасымұлы, Сізді қалың жұртшылық “Дос-Мұқасан” ансамблі арқылы жақсы таниды. Өнеріңіздің арқасында абырой-атақ биігіне ерте көтерілдіңіз. Оның салмағы ауыр болған жоқ па?

– Атақ-абыройдың салмағы ауыр болғаны рас. Көзге ерте іліккен көпшілікке жастай image002

танымал болған жастар үшін бұл тіпті қиын сынақ. Қолпаштауды көтере алмай ішіп кететіндер де болады. Достықты ұмытып, жастық көңілдің ақ кептерлерін қоқыс шұқылаған қара қарғаларға айналдырып алғандарды да көрдік. Атақ қуып адасқандар да болды. Өз басым сол кезеңдерден ауытқымай, айнымай тура өткеніме қуанамын. Бұған себепкер болған – Анам. Қуаныш келсе аспайтын, реніштерде саспайтын Анам: “балам, өнер өмірдегі әуестігің болсын, оны басты мақсат тұтпа. Оқуға түсердегі басты мақсатынды жоғалтпа!” деген-ді. Сондықтан болар өнер мен үшін тек хоббилік сипатта болды.

– Өнер Сізге не берді?
– Өнер менің өмірімнің өзегі болмаса да шын мәнінде ол маған бәрін берді. Жиырмадан жаңа асқан тұсымда атым шықты. “Дос-Мұқасанның” атағы дүрілдеп тұрғанда аяғымыз жерге тимейтін. Сол өнердің арқасында өмірдің талай баспалдақтарын артқа тастап, ректорлық дәрежеге көтерілдім деуге де болады. Біздің Ұлттық техникалық университетімізде 3 мыңға жуық оқытушы-профессор еңбек етеді. Мен өзімді солардың ең ақылдысы деп санамаймын. Бәлкім мүмкіндіктері бізден де зор, ақыл-ойы тіпті терең, ғылыми алымдылығы қуатты талай жігіттер бар шығар. Алайда олар жұртқа беймәлім, ресми орындар да біле бермейді. Ал біздің атымыз әрқашан да алдымыздан есік ашып отырды.

– Өмірдегі ең басты жетістігіңіз не?                                                                                     image003

– Қазіргі биігімнен артыма қарасам, көзіме тұлғаланып түсетіні – “Дос-Мұқасан”.  Ол менің өмірімнің ең басты табысы. Көпшілік мені әлі күнге ректор деп емес, аты аңызға айналған “Дос-Мұқасанның” құрушысы, жетекшісі деп таниды. Ондай абыройға жеткізген еңбек, талпыныс, намыс.

– “Дос-Мұқасанның” құрылуы туралы аңыз бен ақиқатты ажыратып беріңізші.
– Сол күндерді ойласам, сағынамын. Ол 1967 жылы студенттердің әдеттегі әуесқойлықтарынан басталды. Мен баян тартатынмын. Хамит Санбаев гитарада ойнайтын, Мұрат Құсайынов ән салады. Әдеттегі студенттік туған күндерде қыздардың көзіне түсу үшін қызық болсын деп екі немесе үш дауыспен қосылып ән айтып жүрдік. Айтатынымыз қазақ және орыс әңдері. О баста ансамбльге өзек болған осы үшеуіміз. Үшеуіміз де осы политехникалық институттың автоматика факультетінде оқимыз. Қолымыз бос кезде акт залына жиналып, өзімізше репетиция жасаймыз. Аспаптарымыз нашар. Әйтеуір жастық жалынның арқасында бәріміз гитара ойнауды үйрендік. Ішінде музыкалық сауаты бар тек мен ғана. Кезінде Кентаудағы музыка мектебінің баян класын бітіргенмін. Бірінші, екінші дауыстарды өзімше бөлемін. Қай жерде қалай ойнау керектігін репетиция кезінде ұштай түсеміз. Ескі “Рекорд” дейтін радиомыз болатын. Дыбыс күшейткішіміз сол. Сым темірлерден жалғап өзіміз жасап алғанбыз. Көрші факультетте оқитын Александр Литвинов дейтін жігіт барабанда ойнайтын. Соны қатарымызға қосып алдық. Қалғандары біртіндеп кейін қосылды.
– “Дос-Мұқасан” атауы қайдан шықты?
– Бәлі, оның атының шығуы өзінше бір қызық. 1967 жылы студенттік құрылыс отряд құрамында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Торайғыр ауылына барып үй салдық. Кеңес одағы кезінде социалистік елдер арасында студенттік құрылыс отрядтарын алмастыратын дәстүр болған. Сол жылы бізбен Будапешт университетінің студенттері бірге жұмыс істеді. Біз салып бітірген құрылыстың бірі Мәдениет сарайы болатын. Соның ашылу салтанатында концерт бердік. Жұрттың бәрі аяғынан тік тұрып, құрмет көрсетті. Венгр достарымыз да риза. Содан іле-шала венгр студенттерінің жетекшісі Янош Карпати деген жігіт желпініп тұрып ұсынысын айтсын: “Сендердің ансамбльдеріңнін аты Дос-Мұқасан болсын!”. Біздер аң-таңбыз. Ешқандай мағынасыз бұл неғылған сөз дейміз. Янош жіктеп түсіндірді. “Дос – Досымның, Мұ – Мұраттың, Қа – Қамиттың, Сан – Саняның” аттарының басқы буындары екен. Александрды бәріміз Саня дейтінбіз. Оның шын аты – Александр екенін Янош қайдан білсін? Бірақ оның сол кездегі америкалық “Лос-Парагвайос”, “Лос-Анджелес” сияқты топтардың атауына еліктеп, ойлап тапқан “Дос-Мұқасан” аты бізге де ұнады. Сол атау әлі күнге жанымыздың жалауындай. Шынтуайтында, оның төркіні әлгінде айтқанымыздай Будапеште.

– Үлкен сахнаға шыққан кез есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Ол кезде Қазақ политехникалық институтында студенттердің шығармашылығына арналған түрлі байқаулар жиі ұйымдастырылатын. Бірақ белгілі бір жүйеге түсе қоймаған. Кейін “Көктем-69″ , “Көктем-70″ дейтін фестивальдар өткізу дәстүрге айналды ғой. Ол біртіндеп қалалық деңгейге көшті. Сөз арасында айта кетейін, бұл дәстүр әлі күнге жалғасып келеді. Оқу орнының сол кездегі ректоры Әшім Омаров ағамыз да көңіл бөліп, көмектесіп отырды. Жаңадан құрылған ансамбльге республика Мәдениет министрлігі қол ұшын созып, сол кездегі аса қымбат электрондық аспаптар сатып әперді. Кәсіби ұжымдардың өзінің қолы жете бермейтін аспаптардың біздің қолымызға тиюі жастық жігерімізді жалындатып, ізденістерімізді құлшына жүргізуге итермеледі. Студенттік жарыстардың жеңімпазы ретінде біздің өнерімізді Қазақ теледидары таспаға түсіріп, көгілдір экран арқылы көрерменге ұсынды. Біздің үлкен сахнамыз осыдан басталды.

image006

– “Дос-Мұқасанның” қатары кейін толықты дедіңіз ғой. Оның қалыптасуына ықпал еткен жігіттер туралы айта кетсеңіз.
– “Дос-Мұқасанға” өнерге бейім студент-тер іріктеудегі менің басты талабым – тек жақсы оқу болатын. Бәріміз жатақханада тұрамыз, соған қарамастан іріктеуге қатаң назар аудардық. Бос орынға қәдімгідей таңдау жасалынатын. Көктемгі өнер байқауы кезінде өзімізге керек деген желеумен декандары Саня Литвиновты бізге жібермей қойды. Оның орнына барабаншы іздеуге тура келді. Юрий Ким сол таңдауда жеңімпаз болып қатарымызға қосылды. Ол кейін “Дос-Мұқасанда” барабаншы болды. Ансамбльге Лұқпан Сыдықовтың, Осмадияр Мақановтың, Нұртас Кұсайыновтың, Мейірбек Молдабековтың, Сағаділдә Қасеновтың, Құдайберген Боқтықовтың келуі қәдімгідей желпініс енгізді. Өмір болған соң бірі келіп, бірі кетіп
жатады емес пе! Бас гитарашы Сағаділдә Қасеновтың орнына Шәріп Омаров келді. Ол комсомол ұйымының хатшысы болатын. Біздің репертуарымызды түгелдей жатқа біледі екен. Таңдауда ол өзінің жан-жағынан ансамбльге лайық екендігін көрсетті. Құрманай Әжібаева мен Тасқын Нәрібаева әлпештеген гүлдеріміз болды.

– Ол тұста даңқтарыңыз Қазақстаннан асып, одаққа жайылғаны есте.
– “Дос-Мұқасан” ансмблінің табысы оның шығармашылығының бірегейлігінде болатын. Ұжым батыстың музыкасына еліктеп кеткен жоқ, оның ең басты ерекшелігі өнердің ұлттық сипатына басты мән беруі. Халық әндерін уақыт талабына сай өңдеп, жаңаша тұрғыдан ұсына білуі оның табыстарының басты кілті болды. Халықтың “Дос-Мұқасанға” құштарлығы ғажап еді. Сондықтан да болар 1970 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Сол жылы Беларуссияның Минск қаласында эстрада әртістерінің одақтық байқауы өтетін болды. Сол кездегі республика Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков мені өзіне шақырып алды да: “Осы байқауға қатысқыларың келе ме? Жіберейін!” деді. Мен дереу келістім. Сөйтсек, ол байқауға кәсіби өнер ұжымдары ғана қатысады екен ғой. Министр “Дос-Мұқасанды” кәсіби ұжым деген анықтаманы қолымызға ұстатты да, сәт-сапар тіледі. Барсақ, өңкей ығай мен сығайлар. Ең қызығы сол бәсекеде көптеген кәсіби ұжымдарды артқа тастап, екінші жүлдені жеңіп алдық. Бұл шын мәнінде сенсация болатын.
Кейін ансамбліміз Берлинде өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысты. Мұндай фестивальдарға КСРО делегациясы елеулі дайындықтармен қатысатын. Берлин фестиваліне Қеңес одағынан 20 өнер тобы қатысса, соның біріне қазіргі Қыздар педагогикалық институтының ректоры Шәмша Беркімбаева сол кездегі комсомол жетекшілерінің бірі ретінде басшылық жасады. Мен көркемдік жетекші болдым. Фестивальда “Дос-Мұқасан” шын мәнінде танылып қайтты, лауреат атанды. Жеңіс талантты жігіттердің ізденісіне берілген баға болды.
– Сол 70-ші жылдардың жұлдыздары қайда екен?
– “Дос-Мұқасанға” жастар іріктеуде оқуының жақсы болуы туралы талабымыз олардың өмір жолында айтарлықтай әсер еткен сияқты. Лұқпан Сыдықовтың емтихандарда алатын бағасы кілең бес еді. Бүгіңде ол Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің проректоры. Құдайберген Боқтықов – техника ғылымдарының докторы, Осмадияр Мұқанов – химия ғылымдарының докторы, Мейірбек Молдабеков студент кезінде лениндік стипендиат болса, қазір академик, Сағаділдә Қасенов – Көксу ауданының әкімі, Шәріп Омаров – Қазақстанның Чех Республикасындағы елшісі.
– Ансамбльдің нағыз дүрілдеген шағында есте қалған бір қызық оқиғаны бөлісер ме едіңіз?
– Небір қызық оқиғалар болды ғой. Соның бірін айта кетейін. Сібірде әскери борышын өтеп жүрген Ержан деген жігіттің есімі әлі есімде. Ол “Дос-Мұқасанның” әндері өзін азаптан, бәлкім тіпті ажалдан аман алып қалғанын айтады. Әскердегі “дедовщина” қанат жая бастаған кез еді ғой. Ротадағы жалғыз қазаққа төңірегіндегілер күнде тиісіп, ұрып-соғып күн көрсетпейді екен. Бүкілодақтық радиодан берілген “Дос-Мұқасанның” әндерін кездейсоқ естіп қалған Ержан “бұл қазақтардың ансамблі” деп секіргенде ән әуеніне қайран қалып еліккен төңірегіндегі жігіттер қорлауын сол күннен бастап тоқтатқан. Осы оқиғадан кейін Ержан бізге зор тебіреніспен хат жолдапты. Мұндай жайттар кеудемізде шығармашылық отын үрлеп, патриоттық сезімдерімізді қамшылайтын.

– Өміріңізге үлкен ықпал еткен ұстаздарыңыз бар ма?
– Жалпы менің өмірімде жақсы ұстаздар көп кезікті. Кентауда мектепте оқып жүргенімде кларнет, саксафон үйреткен Ғабдрахман Файзоллаев деген ұстазыма алғысым көп. Осы университеттің кафедра меңгерушісі Тұрсын Омарұлы Сәлібаевтың есімін де айрықша атар едім. Институт парткомының мүшесі болғандықтан сөзі өтімді болатын. Сөз арасында айта кетейін, ол Жамал Омарованың туған інісі. Өнерге бір қадам жақын кісі. Тұрсын аға біздің пәтер алуымызға, ғылыми жұмыстармен айналысуымызға көп септігін тигізді. Ол кісіге деген алғысымыз әлі күнге шексіз.
– Бақыт деген не?
– Оның формуласы жоқ. Бақыт деген сірә қанағат сезімі болса керек.
– Достықты қалай бағалайсыз?
– Достық адам өмірін нұрландыратын үлкен сезім ғой. Елуден асқан кезінде дос табу қиын. Ал жас кезден қалыптасқан достық өмір бойы сақталады. “Дос-Мұқасан” құрамындағы жігіттер сол кездің өзінде-ақ отбасыларымызбен араласып кеткен едік. Сол достығымыз әлі күнге жалғасып келеді.

image007Сіз “Дос-Мұқасаннан” кетуіңізге не себеп болды?
– 1974 жылы Мәскеудің Болат пен қоспалар институтының аспиран-турасына баратын мүмкіндік туды. Екі ойлы болып жүргенімде анамның сөздері түрткі болды да, оқуға аттанып кеттім. Кетерде достармен ақылдаса келе орныма Мұрат Құсайыновты қалдырдық. Кейін “Дос-Мұқасан” кәсіби ұжымға айналды. Алайда ансамбль гастрольге жиі шығып, ізденістерге уақыты қалмады. Стиль бұзылды, репертуар көп жаңара қоймады, мұның бәрі ансамбльге кері әсерін тигізді.
– Бір кезде өзіңіз студенті болған, ансамблін басқарған оқу ордасында қазір ректорсыз. Университетті басқарудағы стиліңіз қандай?
– Бұл сала маған етене таныс. Политехникалық институттың 1965 жылы студенті болып табалдырығын аттаған болсам, міне, 40 жыл бойы оның қабырғасынан алысқа ұзай қойған жоқпын. 1978 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертациямды қорғаған соң политехникалық институтта партком хатшысының орынбасары, Алматы қалалық партия комитетінде жоғары оқу орындар бөлімінде жұмыс істедім. Алматы энергетикалык институтында (ол Политехникалық институттан бөлініп шыққан болатын) проректор болдым. Білім және Үкіметте де жұмыс істеп көрдік. Тәуелсіздіктің алдыңғы жылдарында ептеп бизнестің дәмін татқаным бар. Жоғары оқу орындарының проблемалары маған жақсы таныс. Бүкіл оқытушы профессор кадрларын танимын әрі оларды іштей білемін деп айта аламын. Сондықтан бұл салада мен өзімді судағы балықтай сезінемін. Менің басқарудағы стилімнің басты қағидалары – адамгершілік, біліктілік, жауапкершілік.
– Университеттің Сіз басқарған тұстағы жетістіктері ретінде нені атар едіңіз?
– Мен ең алдымен университеттің сыртқы бет бейнесін жаналауға күш салдым. Ішін де уақыт талабына сай әрледік. Студенттер өздері оқитын жерін мақтан ететін болуы керек. Бұл рухты көтереді. Университетте 11 институт жұмыс істейтін болды. Жаңа бес қабатты ғимарат салынды. Жабдықтау мәселесі ойдағыдай шешілуде. Қымбат болса да алудамыз. Бізде үш студентке бір компьютерден келеді. Кадрлар сапасы жақсаруда. Ғылыми гранттар бес есе өсті. Инновациялык технологияға көңіл бөлінуде. Қашықтықтан оқыту, бакалавриат, магистратура орнықты. Студенттер ғылыми жұмыстарға көптеп тартылатын болды. Қазақстанда грантпен түсетін студенттер саны ең көп оқу орны – ҚазҰТУ. Былтыр бізге 2700 студент грантпен түсті. Жоғары оқу орындары арасындағы рейтинг бойынша біз екі жылдан бері бірінші орындамыз.
– Университеттің ең танымал жұлдызы “Дос-Мұқасан” болды да, қалған жетістіктері айтыла бермейді. Сол туралы айта кетсеңіз.
– Расында да техникалық жоғары оқу орнының мақтан тұтар жұлдыздары көп. Есімдері елге танымал ғалымдар: Ақжан Машани, Өмірхан Байқоныров, Шахмардан Есенов, Евней Букетов, Өмірбек Жолдасбеков осы университетте ғылыми жұмыстармен айналысты. Сондай-ақ, әдебиет пен мәдениеттің, спорттың қалың қауымға танымал талай өрендері біздің мақтанышымыз. Айталық, жазушылар: Ілияс Есенберлин, Медеу Сәрсекеевтің, ақындар: Иран Ғайып пен Қасымхан Бегмановтың, талантты әнші Бекболат Тілеуханның осында оқығандығын екінің бірі біле бермейді. Ал волейболдан олимпиада чемпионы, еңбек сіңірген спорт шебері Валерий Кравченко, классикалық күрестен әлем чемпиондары Амангелді Әбсаттаров пен Владимир Бакулин, Эвересті бағындырған Қазбек Уәлиев пен Эрвант Илинский осы біздің университетте тәлім алған.

– Сізді бүгінде қазақтың “Мендельсоны” атап жүр ғой. Аты аңызға айналған “Той жыры” қалай туды?
– 1969 жылдың қазан айында әріптесіміз Мұрат Құсайынов үйленетін болды. Қалыңдық осы күнгі келіншегі Сәбира. Ансамбль мүшелері ақылдасып, тойға көркем жиһаз сатып алмақ болыстық. Ән де шығаратын болғанбыз. Лұқпан өлеңін жазуға тиісті еді. Одан кейін бұл күнделікті тіршілік ағымымен ұмытылып кетті. Тура белгіленген күні той бастардан 4-5 сағат бұрын Лұкпан “мынаны көрші” деп өлеңін ұсынды. “Енді бұдан түк те шықпайды ғой” деген ренішпен қағазды қолыма алып оқып ем, сөздері ұнап қалды. Сол жерде көкейіме бір әуен құйыла жөнелсін. “Тоқта, тоқта, гитарамды әперші” деймін. Қағазға қарап ыңылдап айтып көріп ем, бір жақсы дүниенің шеті қылтиды. Содан екі сағаттай репитиция жасап, нобайын жөнге келітіріп алдық. Ықшамаудандар жақтағы “Ласточка” мейрамханасында ән алғаш рет жұртшылық алдында орындалды. Мұрат пен Сәбираға арнаған әніміз көпшілікке қатты ұнады. Аты өзінен-өзі “Той жыры” болды да кетті. Ал 1974 жылы 1 мамырда ән сол кездегі “Лениншіл жас” газетінін бірінші бетінде басылды.
– Ал, Досым Сүлеевке ғашық болған қыздарда есеп жоқ шығар. Жарды қалай таңдадыңыз?

image008

– Қыздардың назарының тыс қалдық деп айта алмаймын. Бізбен танысқысы келетіндер әдетте көп болатын. Тіпті жігіттерден “қыздарға қалай ұнауға болады?” деген сипатта хаттар келетін. Ешкімге ұқсамау үшін өзінше болуға тырыстық. Шаш қойдық, бірақ бәрі-бір біз кедей едік. Қазіргідей демеуші дегеннен мүлдем хабарымыз жоқ. Сахнаға шығатын киім тіккізудің өзі бізге үлкен күшке түсетін. Мәскеуде аспирантураның 2-курсында оқып жүргенде үйлендім. Оған да анамның ақылы себеп болды. Келіншегім Людмила Бәйдібекқызымен міне, 30 жылдан астам уақыт өмірдің ыстық-суығын бірге кешіп келеміз. Жолдасым осы университетте доцент, физика ғылымдарының кандидаты. Бір ұл, бір қызымыз бар. Қызымыз Гүлмира – психолог, ұлымыз Ержан – аспирант, ағылшын, қытай тілдерін жетік біледі. Қазір екеуінен екі немереміз бар.

– Қазіргі жастардың бойында Сіз байқаған артықшылықтар мен кемшіліктер қандай?
– Бұрын жас ұрпақ тәрбиесінде белгілі бір жүйе болатын. Бүгінде ол жоқ. Тәрбие жұмыстарында кемшілік жетіп-артылады. Жастардың көбінің бас жібі өзінің қолында. Мұның зиянды жақтары баршылық.
– Сіздің өзіңізге әлдебір құпиялылық дарытатын әйгілі қара көзілдірігіңіз қайда кеткен?
– Мектепте 11 сыныпта оқып жүрген кезімде көзімнің көруі нашарлады. Көзәйнек киейін десем жараспады. Ансамбль құрып, талаптанып жүрген кезімде, көптеген достарым “танымай өтіп кеттің” деп ренжитін. Оған көзімнің көру нашарлығы себеп еді. Көзәйнек тағып жүрсең, профессорға ұқсап тұрасың деп тағы да қағытады. Сөйтіп жүргенде өзі қара түсті әрі көздің көруін жақсартатын колорматик көзәйнекке қолым жетті. Бүгін ойлап қарасам, дәл сол көзілдірік маған өзіндік имидж сыйлаған көрінеді. Қазір әдеттегі көзілдіріктерді пайдаланамын.
– Әндеріңіздің ішіндегі өзіңізге ұнайтыны қайсысы?
– “Жан досым”. Кезінде оны Құраманай Әжібаева орындайтын. Одан кейін “Той жыры”, “Алматы түні”, “Бақытқа барар жолда”. Сосын Т.Молдағалиевтің сөзіне ән жазу ұнайды.
– Әлгінде тұрмысымыз кедей болды деп жатырсыз. Ол кезде өнер адамдарының жағдайы тәуір еді ғой…
– “Дос-Мұқасанның” атағы дүрілдеп, біздің әндеріміз тарала бастаған тұста танымал сазгерлердің бірі авторлық құқық жөніндегі комитетке тіркелу керектігін еске салды. Сөйтсек, біздің әндеріміз орындалған радио, теледидар, сауықханалардан түсетін ақша осы комитетке түседі екен. Мен тіркелгеннен кейін ай сайын 250-400 сом мөлшерінде қаламақы алып тұратын болдым. Бұл біздің материалдық жағдайымызды көтеруге көмектесті.
– Қазіргі жас сазгерлерден кім ұнайды?
– Уақыттың тапшылығынан жас сазгерлердін шығармашылығын үнемі қадағалап отыруға уақыт жетпейді. Сондықтан бұл сұраққа кесіп-пішіп ешнәрсе айта алмаймын.
– Бос кезіңізде немен айналысасыз?
– Бос уақыт бола бермейді, мүмкіндігіне қарай жексенбі күндері Шымбұлақта тау шаңғысын тебемін. Ауық-ауық аңшылықпен де айналысатыным бар. Қазір жаңа әндер жазуға деген құштарлық оянып жүр.
– Досеке, әңгімеңізге көп рахмет. Сізден әлі де талай жақсы әндерді күтеміз.

image010

image009

 

 

 

 

 

 

 

Құттықтаймыз!
«Той»әлемі» журналының ұжымы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, академик Досым Қасымұлы Сүлеевті алпыс жасқа толған мерейтойымен құттықтайды